Мақтаарал ауданында 2 мамыр күні орын алған төтенше жағдай кезінде топан су астында қалған ауыл тұрғындарына алғаш болып қол ұшын созған азаматтың кім екенін білесіз бе?
Ол – атакенттік жеке кәсіпкер — Нұржан Тоқжігітов.
Қашанда елге қайырымдылығымен танылып жүрген Нұржан Ермаханбетұлы топан судан дүрлігіп, Атакент кентіндегі №5 Мақтаарал мектеп-гимназиясына эвакуацияланған 540 тұрғынды бір тәулік бойы таңғы, түскі, кешкі ас-ауқатпен қамтамасыз етті. Оның бұл игілікті ісін бір аптадан кейін өзінің аузынан емес, шынайы алғысы мен ризашылығын білдірген сондағы тұрғындардан естідік.
Сонымен қатар, сондағы жергілікті кәсіпкерлердің басын қосып, эвакуациялық орталықтағы тұрғындарды күнделікті үш мезгіл тамақпен қамтуға мұрындық болып келеді.
Атакенттегі орталық қоймадан бөлек, тағы да қосалқы қоймалардың ашылуына септігі тиді. Бүгінгі таңда спорт зал ғимаратында орналасқан гуманитарлық көмектер жиналған қоймадағы азық-түлік пен тұрғындарға қажетті заттардың жүйелі түрде таратылу жұмыстарының басынан табылуда.
Алтындай уақытын қиналған халыққа қол ұшын созуға арнап, топан су зардаптарын жою жұмыстарына да белсене атсалысып келеді.
«Айдың-күннің аманында апатқа ұшырап, абдырап қалған халықты көргенде бей-жай қарап тұра алмадым. Қолымнан келген жақсылық жасауды азаматтық борышым деп санап, бірден іске көштім»,- деген Нұржан Ермаханбетұлы төтенше жағдайдың соңғы күніне дейін халықтың ортасында болатындығын жеткізді.
Қиналған кезде қасынан табылып, жомарттық танытқан Нұржанға барлық Мақтаарал тұрғындары айрықша алғыстарын білдіруде.