«Біз біргеміз!» акциясына Түркістан облысы Отырар ауданының полицейлері де өз үлестерін қосып, аудандағы көп балалы және аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар 40 отбасыға біржолғы азық-түлік себеттерін тапсырды. Яғни, тұрғындарды бірінші кезекте қажетті азық-түліктермен қамтыды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқығын қорғаушы полиция қызметкерлерінің Қасиетті Рамазан айындағы қайырлы істеріне ел-жұрт дән риза. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақыт Тілекұлы алдағы уақытта да аз қамтылған отбасыларға құқықтық қолдау көрсету, азық-түлік, киім-кешек, қаржылай жәрдемдесу жұмыстары жалғасатындығын атап өтті.
Қайырымдылық шара барысында «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман партия бастамасымен қолға алынған жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткен полицейлерге алғысын білдірсе, аудан тұрғындары тілектерін батамен жаудырды.
Тәртіп сақшылары кез келген қиын шақта тұрғындардың жағдайы жақсаруы үшін кішкене де болса өз үлестерін қосып, қайырымдылықтың, адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетуде.