Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасына арызданған келіншектің айтуынша, үйінен ірі көлемде ақша ұрланған. Бұл туралы Полиция.кз хабарлайды. Жәбірленушінің сөзінше белгісіз тұлғалар оның пәтеріне кіріп, миллион теңгесін алып бой тасалаған. Алайда қылмыс орнын мұқият қараған жедел уәкілдер, ұрлықты отбасы жақындарының бірі жасауы мүмкін деген болжамға келген. Полиция қызметкерлері көршілерден жауап алғаннан кейін, ұрлыққа жәбірленушінің өзі қатысы барын анықтады. Тергеу барысында әйел өз ақшасының жоғалуын жасыру үшін ұрлық жасалды деп жалған ақпарат берген. Анықталғандай, күдікті күйеуінен жасырын түрде қаржы пирамидаларының біріне миллион теңге салған. Бірақ содан кейін, БАҚ арқылы және әлеуметтік желілерден, ол мекеменің жабылғанын білген. Күйеуінен ақша жоғалуын жасыру үшін әйел ұрлық қылмысы болды деп, полицияны шақырып, жалған ақпарат берген.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 419-бабы «Көрінеу жалған ақпарат жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті «қолхатта». Жиналған материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады.