Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Амалбек Өміртай және Мақтаарал, Түлкібас, аудандық Жастар ресурстық орталықтарының басшылары Сүндет Кенжебаев, Азамат Имашев, «Jas Otan» Жастар Жастар қанатының Түркістан қалалық филиалының төрағасы Жұман Жансерік және белсенді жастар қазақтың көрнекті жазушысы Мархабат Байғұттың мерейлі 75 жылдық мерейтойына орай қаламгердің туған өлкесі Түлкібас ауданы Пістелі ауылына арнайы барды.
Жастар ресурстық орталығының басшысы А. Өміртай қарымды қаламгер Мархабат Байғұтты мерейлі 75 жасымен құттықтап, жүрек жарды лебізін жеткізіп, елімізге белгілі қолөнер шебері Пахриддин Садықовтың қолынан шыққан кәдесыйын табыс етті.
«Сіз кеше мен бүгін арасындағы тіршілік күресін де, қалам мен қағазды серік еткен жазушының өнегелі өмірін, таланттың тағдырын өзіңізге тән ұлттық бояумен өрнектеп, таңбалап келесіз. Сұңғыла суреткерлік, талайды тәнті еткен тәжіма ісіндегі табандылық, әдебиет әлеміне Сіздей қаламгерді тарту етті.
Өзіңіз айтқандай, әдебиеттің әлімсақтан бергі басты мақсат-мұраты – мейірбандықты сақтап қалу жолындағы көркемдік күрес болса, Сіз сол күресте – 75 жыл жығылмаған жігердің, шашау түспеген шабыттың, жеңілмеген жүректің жауынгері болдыңыз. Ғұмыр жолыңызға – сөнбеген шырақ, кеміменген шуақ, көркемдік қуат тілейміз! Мерейлі жасыңыз, құтты болсын!», – деді Амалбек Дәркенұлы.
Кездесу соңында Мархабат Байғұт мерейлі 75 жасқа толуына орай, ұйымдастырылған «Махаббат мақам Мархабат» республикалық жас қаламгерлердің шығармашылық байқауы үшін, өз ризашылығын білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.
Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі