Шымкентте тойхана иелері қала әкімдігінің алдында шу шығарды

Шымкентте тойдан қағылған тойхана иелері қала әкімдігінің алында жиналып, наразылықтарын білдірді. Рестораторлар, аспаздар, асабалар мен музыканттар шаһарда тойхананың ашылуын талап етуде деп хабарлайды 13kz порталы Астана арнасына сілтеме жасап.

Әкімдік алдына жиналғандар карантиннің тым созылып кеткенін айтады. Талабын айта келгендер арасында кәсіпкерлер ғана емес, сонымен қатар асабалар мен аспаздар, әншілер мен бишілер бар. Жиналғандардың айтуынша, екі жарым айға созылған карантин табыстарынан айырған.

«Бәрі тойханамен байланысты ғойТамадаң да, әншің де, видео камералар да..қанша жұмыстағы қыздарымыз жылайды, кредиттері бар бәрінің. Бізге хотя бы 100-150 адамға дейін тойхананы ашып берсе, кішкене жұмыс жүрсе қарапайым халық жұмысын жасап, балашағасын бақса дейміз«, – деп шамданды тойхана әкімшісі Шәрипа Нұрбекова.

Тойханалардың ашылуын талап еткен аспаз Сандуғаш Темірбаеваның сөзінше, бәрі күн-көрістің қамы.

«Біздің тойханада үш жүздей адам істейді официанттарымен қосқанда. Небір студенттеріміз жүр, квартирада тұрады. Мен аспаз болып жұмыс істеймін. Енді ашылсын деймін. Күнімізді көруіміз керек шығар, біз де бірдеңе ішіпжеуіміз керек шығар. Жоқ біз саусағымызды сорып өмір сүрмейтін шығармыз«,– дейді аспаз.

Шымкентте бүгіннен бастап кейбір мейрамханалар мен дәмханалар жұмысын бастады. Алайда, 50 адамға дейін деген шектеу бар. Рұқсат етілген мекемелер тізіміне тойханалар кірмей қалыпты. Жергілікті рестораторлар осыған наразы. «Тым құрғанда жүз адамдық тойға рұқсат берілсін», дейді тойхана иелері.

«Күнделікті жұқтыруы 7 пайыздан аспайтын жағдай боп тұрақтанса кішкене жағдай ондай тойханаларға да болашақта рұқсат беріледі. Бірақ әлі жағдай  тұрақтанбай жатыр. Тойханаладың иелері әзірше тоймен емес, кафе-ресторан ретінде жұмыс істеуге құқығы бар толық», — деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов.

Оңтүстік өңірде той жылына төрт мезгіл үзіліссіз жүреді. Тойханаларға тапсырыс бірнеше ай бұрын беріледі. Рұқсат берілмесе күзгі тойлар, талай рестораторды тығырыққа тірейтін сияқты.

«Реализацияға 3 миллионға товар алғам. Ол кредит емес. Ол күтпейді сіздер сияқты, бөліп төлеу керек.  Бұл кісілерге жеңілдік бердіңіздер, бізге ше?.. Біз не істейміз?..Біздің арендамыз бар, осы айдың 15-не төлеңдер деп тұр. Басымызда 200 мың арендамыз  бар. Оны қалай төлейміз?..», — деді жеке кәсіпкер Марал Жұмакелді.

Жергілікті атқару органдары «аренда мәселесін шешіп береміз», деп отыр.

Әкімдіктегілер тойханаларды арыз-талабын осы аптада қарастырмақ. Арнайы құрылатын штаб отырысы алдағы сәрсенбіге белгіленді. Тойханалардың талабы қабылданатын болса, онда шымкенттіктер күндізгі үштен, кешкі тоғызға той өткізе алуы мүмкін.
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *