ЕЛ ТІРЕГІ – 2019 : БОЛАШАҚ ДЕСАНТШЫЛАР ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

Елімізде  биыл  күзгі  әскерге  шақыру  науқаны  «Ел тірегі -2019» акциясы аясында  қызу  жүргізіліп  жатыр. Қазақстан Республикасы  Қарулы  Күштерінің  құрамын  толықтыру үшін Оңтүстік өңірінен таудың тасындай іріктелген 80 сарбаз  әскерге  аттанды. Психологиялық және медициналық  тексерістен сүрінбей  өткен жас сарбаздар Отан алдындағы борышын Десанттық шабуылдау әскері сапында өтейді. Болашақ десантшыларды «Салтанатты шығарып салу» шарасына Шымкент қаласы және Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің жеке құрамы, ҚР Қарулы Күштері ардагерлері, «Жас сарбаз» сыныбы , «Жас Ұлан» және Әскери техникалық мектебінің тәрбиеленушілері мен сарбаздардың ата-аналары қатысты.
        Қаз  қатар  сап  түзеген  жас  сарбаздарға  Шымкент қаласы қорғаныс істері  жөніндегі департаментінің бастығы полковник А.Тлеуханов әскери өмірдің  талаптары  мен  ережесін  түсіндіріп, Отан алдындағы борышын абыроймен  атқарып  келуге сенім білдірді. Ал саналы ғұмырын әскери  қызметке арнаған ардагерлер әскердің адам өміріндегі ең үлкен мектеп екендігін айтып, жауынгерлік сынақтар мен тапсырмалардан  сүрінбей өтіп, нағыз сарбаз болып оралуды аманат етті.
         Десанттық шабуылдау әскерінің сапына ену үшін шақырушылардың денсаулығы ғана емес, білімі де аса маңызды. Отанға қызмет етуді парыз санаған жігіттердің арасында жоғарғы оқу орындарында оқып, арнайы мамандық алғандары да бар. Әскерге аттанғалы тұрған жас сарбаздар бір жылдың ішінде білім мен білек күшін барынша жетілдіріп, әскери салада қызмет етуге ниетті.
        «ҚР Қарулы Күштері, соның ішінде десанттық шабуылдау әскерінің қатарында Отан алдындағы борышымды өтеу мен үшін үлкен мақтаныш. Мерзімді әскери қызметті абыроймен атқарып, Қазақстан әскерінің мәртебесін көтеру үшін өз үлесімді қосуға дайынмын. Келешекте келісім-шарт бойынша әскери қызметке орналасып, ел қорғанысын нығайтуға ықпал еткім келеді» -дейді болашақ десантшы  Балтабек Манап.   
      Салтанатты шара барысында, Шымкент қаласы мәдениет басқармасынан келген өнер иелері патриоттық әндер шырқап, сарбаздарды жігерлендірсе, «Жас сарбаз» сыныбының тәрбиеленушілері қоян-қолтық ұрысының айла-тәсілдерін көрсетті. Осылайша, оңтүстіктің үмітін арқалған 80 бозбала сән-салтанатымен  десанттық шабуылдау әскеріне аттанды. Мұндай іс-шаралар әскерге аттанып бара жатқан сарбаздарды жігерлендіріп қана қоймай, өскелең ұрпақтың арасында әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуға ықпал етеді,- дейді ұйымдастырушылар.    

      Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *