ШЫМКЕНТТІК ӘСКЕРИЛЕР ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

«ҚР Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай, Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен «Елімнің бақытын тереңдеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен ашылды. Алдымен департамент бастығы полковник А.Тлеуханов сөз алып, Тәуелсіздік ол — мемлекетіміздің ең құнды әрі маңызды мерекесі екендігін айтып, жеке құрамды мәртебелі мерекемен құттықтады.
«ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы, ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тәуелсіздік бұл – халқымыздың байлығы мен бақыты,- деп атап өтті. Мемлекет басшысының осы бір сөзі тәуелсіздік ұғымының қаншалықты құнды, маңызды екендігін аңғартады. Барлықтарыңызды осы ұлы мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Көк туымыз көкте мәңгілік қалықтай берсін. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!», — деді А.Тлеуханов.
Мерекелік шараның бірінші бөлімінде департаменттің бірқатар әскери қызметшілері мен қызметкерлері мереке қарсаңында медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтар болсақ, подполковник Т.Смагулов, капитан К.Умирбеков, сержант З.Арапбаеваға «Мінсіз қызметі үшін» медальдары табыс етілсе, подполковник А.Шинтаев Шымкент қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жыл бойында қызметте белсенділік танытқан тағы 5 қызметкер департамент бастығының алғыс хатына ие болды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Жас сарбаз» патриоттық әндер байқауында Шымкенттің намысын қорғаған №99 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Қалжігітов Ерғали мен №68 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Мадали Нұрасыл да назардан тыс қалмай, алғыс хатпен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ал сержант Б.Исхаховқа мереке қарсаңында аға сержент әскери шені табыс етілді.
Мерекелік шараның екінші бөлімі концерттік бағдарламаға ұласты. Департамент бастығының орынбасары подполковник Р. Мадьяров Тәуелсіздік туралы баяндама жасап, мерекенің маңыздылығын түсіндіріп берді. Сондай-ақ, шара барысында жеке құрамға ата-бабамыз арамандаған Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында сонау «жоңғар шапқыншылығынан» бастау алған және бүгінгі бейбіт өмірге дейнгі тарихтан сыр шертетін «Қазақстан Тәуелсіздік жолында» атты тарихи деректі фильм көрсетілді.
Ал Шымкент қаласы орталықтандырылған №17 кітапханасының ұжымы ұйымдастырған «Елімнің бақытын тереңдеткен Тәуелсіздік» атты кітап көрмесі, іс-шараның маңызын еселей түсті. Онда Тәуелсіздіктің тарихы мен Тәуелсіздік оқиғасы жайында 50-ге жуық кітаптар ұсынылды.
Кеш соңында Ж.Шанин атындағы облыстық драмма театрдың өнерпаздары ән мен жырдан тарту жасап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Осылайша Шымкенттік әскерилер «Тәуелсіздік күні» мерекесін ерекше ықыласпен атап өтті.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *