ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ 70 ЖАСТА

Орынбек Шымбай Оңтүстік Қазақстан облысында 1950 жылы 10 ақпанда дүниеге келген. Орынбек Шымбай 1966 жылы мектепті алтын медальмен бітіріп, үлкен өмірге жолдама алады. 1969 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің философия-экономикалық факультетіне түсіп, 1974 жылы пәлсапа(философия) мамандығын алып шығады. Студент кезінен-ақ өзінің Отанға, елге, жерге деген ерекше сүйіспеншілігімен, айрықша патриоттығымен көзге түсе бастады. Сол кездің өзінде-ақ университетке Әбу-Насыр әл-Фараби есімін беру қажет деген бастама көтеріп, газетке де жазған болатын. Өзінің еңбек жолын Жамбыл(Тараз) гидромелиорация — құрылыс институтының «Философия және ғылыми коммунизм» кафедрасында оқытушы болып бастады. Оқытушылардың комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. 1975 жылы оны Мәскеудің К.А.Тимирязев атындағы академиясының философия кафедрасына стажер-оқытушы ретінде жібереді. 1976 жылы Жамбылға(Тараз) оралып, жұмысын жалғастырады. 1977 жылы өзінің туған өлкесіне келіп, Шымкент қаласындағы педагогика институтының жаңа ашылып жатқан философия кафедрасына оқытушы болып қабылданады. Осы жылдардан бастап облыстың және республиканың қоғамдық-саяси сахнасынан түскен жоқ. Алдымен, елімізде «Қазақ тілі» қоғамдарын құруға белсене қатысты. 1980 жылы аға оқытушы болады. 1980 жылдардан бері Орынбек Шымбайдың бастамасымен тұрақты түрде Әбу Насыр әл-Фарабидің мүшелтойларын әр бес жыл сайын өткізу дәстүрге айналды. Әл-Фарабидің мүсінін дайындап келген белгілі мүсінші Е.Сіргебаевтің жұмысына конструктивті сын-кемшіліктерін айтқан болатын. Оңтүстікте орналасқан Шәуілдір елді мекенін Фарабикент деп атау туралы да ұсыныс білдірген болатын. Және Шәуілдірдегі Әл-Фараби мұражайының алдына оның мүсінінің қойылуына өз үлесін қосты. 1981 жылы ҚазМУ-дің аспирантурасына түсіп, 1984 жылы бітіріп, Шымкент педагогикалық институтына қайта оралады. Институт газетінің редакторы, «Жас мамандар мен ғалымдар» кеңесінің төрағасы болады. 1988 жылы облыстық партия комитетінің сырттай университетін әдіскер-лектор мамандығы бойынша бітіріп, «жоғары категориялы лектор», «халықаралық шолушы» ретінде Қазақстандағы барлық облыстар мен көршілес республикаларда лекциялық насихат жүргізеді. 1990 жылы республикадағы алғашқы бес ресми саяси ұйымдарының бірі «Бетбұрысты» құрады. «Бетбұрыс» ұйымының атынан қалалық атқару комитеті басшыларының атына хаттар жазылып, түрлі қоғамдық-саяси іс-шаралар ұйымдастырылды: қуғын-сүргін құрбандарына байланысты митинг өзілді, Қабанбай батырдың 300 жылдығына байланысты оның есімін Юбилейный даңғылының атына, Алматы тас жолының атын халықаралық «Жібек жолы» акциясына байланысты солай етіп өзгерту туралы ұсыныстар жасалды. Кейіннен ұйым Азат қозғалысына» айналды. Құрылтай жиналысында Орынбек Шымбай баяндама жасап, «Бетбұрыстың» құрылуынан бастап жүзеге асырған жұмыстары туралы айта келіп, ұйым мүшелерінің өз еркімен Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының құрамына қабылдау жөніндегі өтінішін жеткізіп, қозғалыстың тең төрағасының бірі болды. «Азат» қозғалысы сол кездегі ең ірі бұқаралық саяси ұйымға айналды. Ұйым(1990-1993 жж.) қазақ халқының ар-намысы, ұяты және мақтанышы болды деп толық айта аламыз. Ол қазақ халқының шешілмей жатқан ең көкейтесті мәселелерін көтеріп, халық жүрегіне жақын қабылдаған ұйым болды. Ұйым жастармен тығыз бірлесе отырып жұмыс жүргізгендіктен, олардың өмірлік ұстанымдарын өзгертуге үлкен ықпалын тигізді. Осы уақыттарда Орынбек Шымбай өз атынан Вишневский көшесіне
Қ. Рысқұлбеков есімін және Т.Д.Ибаррури атындағы даңғылына Желтоқсан атын беру туралы мәселе көтерді. Ұсыныс табанды түрде қайталанғандықтан, аталған көшелердің атауы өзгерді.
1991 жылы Шымкент қалалық Кеңесінің атқару комитетінің төрағасы Қ.Төлеметов Орынбек Шымбайды аппаратқа қызметке шақырады. «Әлеуметтік кешен, ұлтаралық қатынастар» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Ол Президенттік, парламенттік сайлауларда насихат жұмысын жүргізетін үгіт поезін басқарды.


90 жылдардың бас кезінде Алаштың ардақты ұлы, танымал жазушы, қазақтың тұңғыш психологы Ж.Аймауытовтың Шымкент қаласында тұрып, педагогикалық техникумның директоры болып қызмет атқарғандығын көрсете отырып, оның атына көше беруді ұсынған болатын. Ол Шымкент қаласының атауын орысша да Шымкент деп атау және жазу туралы, Дзержинский атындағы қалалық ауданды Әл-Фараби ауданы деп атау жөнінде Қалалық кеңеске ұсыныс жасады. Мұны Қалалық кеңес төрағасы Қ.Төлеметов те, 1991 жылы 25 қарашадағы Қалалық кеңесінің сессиясында депутаттар да қолдап шықты. Танымал композитор Л.Аманов Орынбек Шымбайдың жазған «Қазақтың бабалары», «Сырдың сыры» атты өлеңдеріне ән де жазған еді. Бұл өлеңдерінде де қазақтың тарихи тұлғаларына деген шексіз құрметі және еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі көрініс тапты.
1992 жылы облыстық әкімшіліктің «идеология істері жөніндегі бас маманы» қызметінде жүргенінде де саяси-діни және ұйымдар мен мәдени орталықтардың жұмысын үйлестіруді қадағалады. Жастар ісі жөніндегі комитеттің бастығы, Ішкі саясат бөлімінде идеология жөніндегі бас маман қызметтерін атқарды. Облыстағы дін, саясат, насихат жұмыстарына басшылық жасады. Шымкент бөлімшесі «пәлсапа» кафедрасына меңгеруші болып ауысады және кәсіподақ ұйымының вице-президенті бола жүріп те мәдени іс-шаралар өткізуді жалғастырады. «Қазақ жеріндегі қоғамдық пәлсапалық ойдың тарихы» атты пәнді енгізеді. ҚР Журналистер одағына мүшелікке қабылданады. Шымкент қаласындағы ХҚТУ-ға оралып, пәлсапа, мәдениеттану, мәдениеттану пәндерінен дәріс жүргізді, ұлтымыздың ұлы қайраткерлерінің мүшелтойларын, конференцияларын өткізуді қайта қолға алып, көптеген мәдени іс-шаралар өткізді (Ғаббас әл-Жауhaри, Отырардан шыққан 18(30) Әл-Фараби, «Айғаным қазақ әйелдерінен шыққан хан», «Әлем халықтарының ұлы ұстазы Заратуштра пайғамбар»,т.б.). 2004 жылы «Университет доценті» ғылыми атағы берілді. 40 жылдық өмірін оқытушылық қызметке арнаған. Ол өзінің жемісті еңбектері үшін Тұңғыш ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, бірнеше рет облыс, қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
«Ағаш жемісімен мәуелі» дегендей, Орынбек Шымбай ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері болуымен қатар, отбасында 3 ұл, 2 қыз және 13 немере тәрбиелеп отырған үлгілі әке, ардақты ата. Ұл-қыздарының барлығы өмірден өз орнын тауып, түрлі салада қызмет атқарып жүрген сыйлы азаматтар. Ал, оның жолын қуған тұңғышы Орынбеков Арман бүгінде Шымкент қаласындағы аты республикаға танымал №90 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, Қазақстанның «Үздік педагогы» атағының иегері, ҚР БҒМ Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері.
Оңтүстік Қазақстан облыстық «Азамат-Оңтүстік» саяси-қоғамдық қозғалысы және Оңтүстік Қазақстан облыстық «Ана тілі» қоғамдық қорының, Халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ ШФ қоғамының белсенді мүшесі, т.б., ҚР Журналистер одағының мүшесі, ХҚТУ доценті Орынбек Шымбай бүгін 70 жасқа толып отыр. Өзінің «қазақ» деп соққан кең жүрегінің, елі, жері үшін атқарған сан алуан еңбегінің арқасында елдің ардақты ұлына айналған, отбасының тірегі мен қамқоршысы болған Орынбек Шымбайды мерейтойымен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр, отбасына береке тілеп, елі үшін атқарған еңбегінің жемісін көре беруіне тілектеспіз. Ұл-қыздарының, немерелерінің қызығын көріп, қазақ халқының жүрегінен ерен еңбектерінің өшпес ұлағатымен мәңгі орын ала берсін деп тілейміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *