Елімізде 130 ЖОО бар, олардың саны қысқаруы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЖОО Ассоциациялар президенті Рахман Алшанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мысалы, машина жасау мамандығына 1000 грант береді, ал керегі — 200 болуы мүмкін. Бұл жерде бәрі қандай мамандық қажет екеніне байланысты. Әр саланың ерекшелігін, сұранысқа ие екенін ескере келе, 130 ЖОО-ның 15-20-сы қысқаруы немесе жабылуы мүмкін», — дейді Рахман Алшанов. Сондай-ақ, ҚР ЖОО Ректорлар кеңесі төрағасы Ерлан Сыдықов студенттер саны қысқармайтынын айтты. «Студенттердің саны қысқармайды. Жоғары білім алғысы келетін, соған ынталы азаматтардың көп болуы еліміздің болашағы үшін маңызды. Ежелден қазақ қоғамында баласын оқытуға, оның білімін шыңдауға ынта жоғары болған. Бұл ынтаны біз пайдалануымыз керек, сондықтан бұл жерде студенттерді қысқарту мәселесі жоқ. Біз тек талапқа сай емес жоғары оқу орындарын қысқарту бойынша ұсыныстар беруіміз шарт», — дейді ол.