Елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно ансамблі Алтын Орда хандығының 750 жылдығы аясында 75 шығарма орындап, Гиннесс рекордтар кітабына енді. Бұл туралы әлеуметтік желі белсендісі Мадина Сабыр фейсбуктегі парақшасында жариялады.
Мадина Сабырдың айтуынша, аталған өнер ұжымы қазақ және шетел авторларының 75 музыкалық шығармасын нотаға қарамай, еш бөгеліссіз орындап шықты.
Тарихи күй кешінде өнерпаздар домбыра, сырнай, қобыз, қылқобыз, нарқобыз, тағы да басқа қазақтың ұлттық аспаптарында ойнаса, күйшілер Қазақстанда алғаш рет non-stop режімінде музыкалық шығармаларды паш етті.
Қорқыт, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Әбдімомын Желдібаев сынды түрлі қазақ және шетел авторларының шығармалары ұсынылған кеш Бауыржан Ақтаевтың «Ғасырлар үні» туындысымен қорытындыланды.
Тарихи жылда 75 тарихи туындымен өз қолтаңбаларын қалдырған «Қорқыт» этно ансамбліне Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов арнайы сертификат табыстады.