Елімізде 16-наурыздан бастап 15-сәуірге дейін төтенше жағдай енгізілгені баршамызға белгілі. Десекте тұрғындар, оның ішінде кәсіпкерлер тарапынан әлі де болса мұны сезінбей, өзінің бас пайдасы үшін біршама адамның басын қосуына жол берген жайттары орын алуда. Осыған орай, Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет жасауда. Яғни күні-түні рейдтік жұмыстарды жүргізіп, қандай да бір адам көп жиналатын басқосулар, той-жиындар, іс-шараларды өткізуге тыйым салып, қауіпсіздік шараларын қадағалауда. Осындай кезекті рейд барысында Созақ ауданының полицейлері, ауылдардың бірінде букмекерлік кеңсе адам қабылдап, жұмыс жасап жатқанын анықтады.
Мұны анықтаған полицейдің айтуынша, төтенше жағдай жарияланып, тыйым салынғаннан кейін, яғни 18-19 наурыз күндері ойын-сауық орындарының жұмысы тоқтатылу керек деп, аталған букмекерлік кеңсеге бірнеше рет ескерту жасаған. Алайда букмекерлік кеңсе әкімшісі оған құлақ аспастан 23-наурыз күні адам қабылдап отырғаны белгілі болды. «Қазақстан Республикасы Президентінің 15.03.2020 жылғы Жарлығының талаптарын өрескел бұзған аталмыш тұрғынға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы “Төтенше жағдай режимiн бұзу“ бойынша хаттама түзіліп, аудандық соттың қаулысымен кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Түркістан облысының полицейлері ойын-сауық, сауда орталықтары мен кафе-бар, тойхана иелеріне төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етуді ескертеді.