ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СОТТАРЫ ҚАШЫҚТЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ КӨШТІ

«Апат айтып келмейді» демекші, 2019 жылдың 31 желтоқсан күні Қытай Халық Республикасының аумағында COVID-2019 деп аталатын вирустың жаңа түрі алғаш рет тіркелген болатын.

Бүгінгі күнге дейін ресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша аталған вирус 200-ден астам елге таралып, оны жұқтырған адамдар саны 1 347 676-ке жеткен, оның ішінде 74 744 адам қаза болған. Қазақстанда 670 адам аталған дертті жұқтырып, 6 адам қайтыс болды.

Індеттің таралу қарқыны өте жоғары  болғандықтан, одан сақтануға жауапкершілікпен қарау керек екені белгілі. 2020 жылғы 15 наурызда Президент Жарлығымен елімізде енгізілген төтенше жағдай режиміндегі шектеулерге қарамастан, облысымыздың аумағында түрлі жиындар мен салтанатты шаралар, беташар мен тойлар өткізген кейбір азаматтардың әлеуметтік жауапкершілік деңгейінің төмен екендігін көрсеткені де өкінішті жағдай. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жасалып отырған сансыз ескертулерге қарамастан адамдар төтенше жағдай талаптарын бұзуды әлі де жалғастырып келеді.

Қазіргі таңда қоғамдық тәртіптің сақталуы ерекше бақылауға алынып, мемлекеттік, стратегиялық және басқа да маңызды насандардың күзетілуі күшейтілген.

Осы ретте, адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың аса маңыздылығын ескере отырып, Түркістан облысының соттарының да қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкенін айтпақпын. Мұндай тәсілмен жұмыс атқару үшін сот жүйесінде көптеген мүмкіншіліктер қарастырылған. Сотқа жүгінуші тұлғалар құжаттарды «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі арқылы сот кеңсесіне электронды түрде жолдай алады. Бұл өтініш иесіне қысқа мерзімде хаттың тіркелгені және сот отырысының өтетін уақыты туралы, тағы басқа да қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, аталған сервис арқылы қаралып аяқталған істер бойынша сот актісін және отырыстың аудио- бейнежазбасын алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Сонымен қатар, «Сот кабинетінің» мобильді нұсқасын смартфонға тегін көшіріп алуға болады. Бұл тараптарға сот ғимаратына бармай-ақ, отырысқа қатысуға мүмкіндік береді. Ол үшін сот отырысына шақырылған тұлға алдын ала «Сот кабинеті» арқылы арыз берсе жеткілікті.

Алайда, қазіргі жағдайда азаматтарға айтарымыз — талап қою арыздарымен сотқа жүгінуді мүмкіндігінше кейінге қалдырған жөн және бұл мәжбүрлі шаралар халықтың денсаулығы үшін жасалып жатқандықтан, түсіністікпен қарау қажет деп есептейміз.

Жалпы, бүгінгідей ел болып пандемияға қарсы күресіп жатқан тұста азаматтарға өзара дауласуды тоқтатып, бітімгершілікке келудің, сотқа дейін татуластыру рәсімдерін кеңінен қолданудың маңызы зор екеніне назар аударған жөн. Ол үшін медиаторлар мен азаматтарға құқықтық көмек көрсететін басқа да тұлғалардың көмегіне телефон арқылы жүгініп, дауларды онлайн түрде сотқа дейін реттеуге мүмкіндік бар. Яғни, сотқа жүінбей-ақ, медиатордың немесе адвокаттың көмегімен медиативтік, партисипативтік келісім жасап, оны сотқа жолдап, соттың актісін алуға болады. Бұл қазіргі жағдайда дауды шешудің ең тиімді жолы деуге болады.

Осы жерде ЖС «Онлайн татуластыру» сервисін іске қосқанын айта кету керек. Оның көмегімен өңірімізде қызмет атқаратын кәсіби медиаторлардың тізімі мен байланыс нөмірлерін Түркістан облыстық сотының ресми сайтынан көруге болады. Оған қоса, медиаторлар туралы ақпаратты кез-келген жергілікті әкімдіктен де алуға болады.

Медиатор судьяны алмастырмайды. Ол жеке және заңды тұлғалар үшін дауларды шешудің балама тәсілін ұсынады, яғни тараптарға өз мүдделерін сақтай отырып, ортақ шешімге келуге ықпал етеді, содан соң ол шешімді сот бекітеді. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде жоғарыда атлған мүмкіншіліктерді пайдаланған азаматтардың оң пікірлері көбейгенін атап өту керек.

Бүкіл әлемді жайлап бара жатқан індеттің таралуын оқтату мақсатында қолға алынып жатқан осындай шектеулер мен белгіленген талаптарды бұлжытпай орындауымыз қажет. Бұны аурудан сақтанумен қатар, жалпы қоғамға деген құрмет деп қараған дұрыс. Қазір соттасатын кезең емес, мүмкіндігінше үйде болып, өзіміз бен жанұя мүшелеріміздің өмірі мен денсаулығына қауіп-қатерді азайтатын кез.

 

НҰРЛАН ЖАМБУЛОВ

Түркістан облыстық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *