Қазақстандықтар өз өміріне, нақтырақ айтсақ, өмір сүру сапасына қаншалықты риза? Бұл сұрақтың жауабын Статистика комитетінің зерттеуі көрсетті, — деп хабарлайды «Хабар 24».
2019 жылы сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы «өз өміріме қанағаттанамын» деп жауап берген. Статистикаға қарап, ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда бақытты ма дерсіз. Себебі ауылда тұратын халықтың 70 пайызға жуығы, ал қалалықтардың 54 пайыздан астамы өз өміріне риза екенін білдірген. Тағы бір дерек, өмір сүру сапасын оң бағалағандардың көбі ер азаматтар.
Зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 48,5 пайызы өз денсаулығына қанағаттанған. Мұнда да ауылдықтардың үлесі басым. Сауалнамаға қатысқандардың 44,3 пайызы бос уақытының болуына риза. Ал материалдық жағдайына қатысты сұраққа зерттеуден өткендердің 68,8 пайызы өздерін орташа деңгейге жатқызса, 0,4 пайыз өзін қамтамасыз етудің төмен деңгейінде екенін көрсетті және респонденттердің 0,3 пайыз ғана материалдық жағдайын жоғары деңгейге жатқызған.