Еліміз бойынша биыл күзгі әскерге шақыру науқаны «Ел Тірегі-2019» республикалық акциясы шеңберінде өткізіледі. Аталған акция аясында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары-қалалық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Қайрат Нұртайдың басшылығымен, Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде азаматтарды 2019 жылғы көктемгі мерзімді әскерге шақыруды қортындылай отырып, күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру бойынша нұсқаулық-әдістемелік жиын өтті. Жиынға Шымкент қаласы аудан әкімдерінің орынбасарлары, әскерге шақыру комиссияларының төрағалары, әскери прокуратура, әскери полиция және полиция департаментінің өкілдері, қалалық білім, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қатысты.
Жиналғандар алдында есеп берген Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Алмаз Тлеуханов көктемгі мерзімді әскерге шақыру барысын қортындылап, күзгі әскерге шақырудың негізгі міндеттері мен талаптары туралы айтты. Мерзімді әскерге шақыруда орын алатын мәселелер мен оларды шешу жолдарымен бөлісті. Сонымен қатар қорғаныс істері жөніндегі департаментінің аудандық басқарма бастықтары атқарылған жұмыстары мен жоспарлары бойынша тыңдалды. Өз кезегінде департамент бастығы полковник Алмаз Тлеуханов әскерге шақыру жұмысымен айналысатын жауапты адамдардың қызметтеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Күзгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақтылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді, отбасы жағдайын сараптайды, денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау туралы шешім қабылдайды. Жасақтау экстерриториалды принципке сәйкес жүзеге асырылады. Яғни шақырылушы мерзімді әскери қызметін өткеру үшін өзге облыстарға аттанады.
Жиында сонымен қатар мерзімді әскерге шақыру науқаны барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шаралары зерделенді. Әскерде парақорлықты алдын алу шарасы бойынша, Шымкент гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі А. Капезов пен Әскери полиция өкілі әділет майоры М. Абубакиров сөз сөйлеп, әскери қызметшілерді жемқорлық деректерінен барынша сақ болуға үндеді.
Бүгінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан шақыртылған азаматтар еліміздің шекара қызметінің әскери бөлімдерінде борышын өтеуге жөнелтіліп жатыр. Күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі. Осы аралықта оңтүстік өңірінен әскерге 2500-ға жуық жас шақырылады деп жоспарлануда.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі