ТӘРБИЕ ОФИЦЕРЛЕРІ ТӨЛ МЕРЕКЕЛЕРІН АТАП ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 1993 жылы 19 қаңтарда ҚР Қарулы Күштерінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар органдары құрылды. Яғни бұл күн елімізде 27 жылдан бері «Тәрбие офицерлерінің төл мерекесі» ретінде атап өтілуде.
Тәрбие құрылымдарында қызмет етіп жүрген офицерлердің беделін арттыру, өскелең ұрпақтың арасында әскери-патриоттық тәрбиені нығайту, ҚР Қарулы Күштерінің имиджін күшейту мақсатында Шымкент қаласы және Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бірлесе ұйымдастыруымен айтулы күнге орай мерекелік іс-шара болып өтті. Шараға ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, тәрбие құрылымдарының офицерлері мен қызметкерлері және «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары қатысты.

Мерекелік шараны Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары — майор Ж.Кулдербаев бастап, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар органдарының құрылу тарихына тоқталып өтті. Оның айтуынша, тәрбие офицерлері әскери қызметшілерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде, өскелең ұрпақтың бойында әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосып келеді. Ал Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – подполковник Р.Мадьяров тәрбие офицерлерінің ҚР Қарулы Күштеріндегі ролін айта келе, маңызды салада қызмет етіп жүрген әріптестеріне үлкен алғыс білдірді.
Шара аясында жергілікті әскери басқару органдарының тәрбие құрылымдарында белсенді түрде қызмет етіп жүрген 30-дан астам әскери қызметшілер мен қызметкерлер арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ осы салада зейнетке шыққан ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері запастағы подполковник Б.Алдабергенов пен А.Керімбаевтарға құрмет көрсетіліп,сый-сыяпат жасалды. Құрметке бөленген ардагерлер, артынан еріп келе жатқан ізбасарларына өз ризашылықтарын білдіріп, табыстар тіледі. Өздерінің қызметтік жылдарынан қызықты естеліктер айтып, тәрбие құрылымдарында еңбек етіп жүрген азаматтарды ҚР Қорғаныс министрі генерал-майор Н.Ермекбаев айтқандай, «Адам жанының-емшісіне» теңеді.

Іс-шараға қатысқан Шымкент гарнизоны кәсіподақ комитетінің төрайымы, жергілікті әскери басқару органдарында 25 жылдан астам еңбек еткен Ғ.Жакишева ханым Тәуелсіздік алған жылдардан бері әскери комиссариаттарда қызмет еткен тәрбие офицерлерінің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың қызметтік мансабындағы ерекшеліктері мен жеке қасиеттерін айтып берді. Тәрбие офицерлерінің жетістіктерін бүгінгі қызметкерлер мен өскелең ұрпаққа үлгі етті.
Тәрбие офицерлерін кәсіби мерекелерімен арнайы құттықтап келген, Шымкент қаласындағы №68 жалпы орта мектебі «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Білімі және тәртібімен өз қатарластарына үлгі болып жүрген «жас сарбаздар» Отанды,елді сүюге үндейтін өлеңдер оқып, патриоттық тақырыптағы әндерді шырқады. Әскери тәртіпті шебер меңгерген оқушылардың жүріс-тұрысы мен өнері жиналғандарды тәнті етіп, ерекше әсерге бөледі. Кеш соңы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Осылайша, жыл бойы әскери-патриоттық тәрибені насихаттау бағытында түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, тынбай еңбек жүретін тәрбие офицерлері төл мерекелерін атап өтіп, бір марқайып қалды.

Жанболат Малаев
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *